Сенат отырысында "ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды RGmedia.kz тілшісі.
Қаралып отырған Заңның мақсаты – Конституцияның 30 жылдығына орай қоғамда қылмыстық-құқықтық сипаттағы бір реттік гуманизм актісін жүргізу арқылы рақымшылық жасау
Заң мына негізгі ережелерді қамтиды:
- рақымшылық қолданылатын әлеуметтік жағынан осал адамдардың тізімі нақты белгіленеді. Олардың қатарына соғыс және еңбек ардагерлері; қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде 18 жасқа толмағандар; осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге жүкті әйелдер; бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар және басқа да нақты адамдар топтары жатқызылады;
- қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатуға негіз беретін қылмыстық құқық бұзушылықтар тізімі;
- негізгі жазаның мерзімдерін немесе мөлшерлерін қысқартуға негіз болатын қылмыс санаттары мен қысқартудың нақты мерзімдері;
- осы Заңның күші қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі мен сәйкесінше рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар;
- рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тәртібі;
- Заңды іске асыру бойынша Үкiмет пен жергілікті атқарушы органдардың бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі атқарылатын шаралар бойынша құзыреттері анықталады.
Заңға сәйкес қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар, залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады. Негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, Заңмен белгіленген рақымшылық жасау актiсiн орындаудың 6 айлық кезеңiнде жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.
Аталған жағдайлар қылмыстық іс жүргізу сатысындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер қылмыстық процесті жүргізетін органның адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, тоқтатуына негіз болады. Ал жасағаны үшін міндетті түрде қосымша жаза тағайындау көзделетін, соттардың іс жүргізуіндегі қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша адамдарды сот негізгі жазадан босатады.
Рақымшылық шаралары сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағанның 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар; өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған және заңда нақты қарастырылған басқа да қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды, - деді сенатор.