«Amanat» партиясының мүшелері Вице-премьер Серік Жұманғаринге ауылға бейімделген ипотекалық бағдарламалар әзірлеу керек деген ұсыныспен депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 24kz.
Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, ауылдарда 1200, ал моноқалаларда 76 апатты үй тіркелген. Ол баспаналарда жалпы саны 11 мыңнан астам адам тұрады. Ал 2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20% ауылдық жерлерде салынған.
«Мұндай диспропорция, ең алдымен, ауыл тұрғындары үшін ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіздігімен байланысты», - дейді депутат. Оның айтуынша, Отбасы банктің ақпараттық орталықтары тек 4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді. Ал ауылдар мен аудандардың көбінде жоқ. Айта кетейік, Қазақстан халқының 43%-і, аудандар мен моноқалаларда тұрады.
"Ауылға бейімделген ипотекалық өнімдер әзірлеу. Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ке дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-тен бастап жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету. Отбасы банкі консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту. Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау",- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров.