
Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны жоғары екенін көрсетті. Өңірде туристік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, тау туризмі мен экотуризмді дамытуға басымдық беріліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың бес айында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 36,3 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары көрсеткіш.
«Ағымдағы жылдың 5 айдағы қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 36,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Барлық мүмкіндіктерді ескере отырып, бірқатар ұсыныстарды әзірледік», – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Оның сөзінше, өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында жалпы көлемі 1131 гектарды құрайтын жер учаскелері алдын ала айқындалған. Бұл аумақтар табиғи рекреациялық аймақтарды дамытуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жер ретінде белгіленген.
«Облыс бойынша жалпы көлемі 1131 гектар жер учаскелері табиғи рекреациялық аумақтарды дамытуға арналған жер телімдері алдын ала белгіленіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аумақ ретінде айқындалды. Бұл аймақтарда тау туризмі, экотуризм және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға мол мүмкіндіктер бар», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жоспарланған жобалардың алғашқысы Төле би және Түлкібас аудандарында туристік апарт-кешендер салуға бағытталған. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде 400 апартамент пен 40 нөмірлік қонақ үйдің құрылысы жүргізілсе, екінші кезеңде тағы 400 апартамент пайдалануға беріледі.
Жобаға сәйкес әрбір апартаменттің жалпы аумағы 53 шаршы метрді құрайды. Алдын ала есеп бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрінің сату құны 520 мың теңге көлемінде белгіленген. Орташа өзіндік құны бір шаршы метріне 360 мың теңгені құраса, ішкі жиһазбен жабдықтау және аумақты абаттандыру жұмыстарына шамамен 90 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Аталған жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, тау туризмінің дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар, өңірге инвестиция тарту көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың өсіміне оң ықпал етеді.
