2026 – Жылқы жылы: еңбек пен еркіндіктің символы

image.png     

   Жылыстап келген жылан жылына өкпеміз жоқ. Тарих қойнауына еніп бара жатқан  2025 жыл еліміз үшін жайлы, тыныш және жетістікке толы жыл болды деп бағалауға болады. Бұл жылы   Абайдың 180, Жеңістің 80 және Конституцияның 30 жылдығын атап өттік.   Президенттің АҚШ пен Қытай басшылығымен өткізген кездесулері де айшықты оқиғалардың бірі болды.  Жыл қорытындысы үшін жасалған жалпыұлттық әлеуметтік сауалнамада тұрғындардың  37 пайызы табысты жыл, қалған 52 пайызы қалыпты өткенін айтты.  Сауалнамаға қатысушылар  жыл жаңалығы ретінде қазақстандық «Қайрат» пен испандық «Реал Мадрид» футбол клубтарының арасында өткен ойынды атаған. 

        Бірер күнде қазақ ықылым заманнан пір тұтқан Қамбар атаның түлегі жылқы жылын қарсы алмақпыз.  Қазақ үшін қадірлі жануар, жыл иесі жылқы секілді 2026 жылы да еліміз үшін қадірлі, табысты жыл болады деп сенейік. Ал тарихта жылқы жылы несімен есте қалған?

image.png

        Жылқы жылы - жұтсыз

        Жылқы жылы — жылан жылынан кейін, қой жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 7-ші жылы.  Ол – қозғалыс пен даму, тәуелсіздік пен табандылық символы. Қазақтың наным-сенімі бойынша ауыр жылдарға қоян жылы жатады. Тарихқа үңілсек, сол қоян жылдары жұт көп болған. Сондай-ақ  халқымыз мешін жылынан сақтанған.  Ал жайлы жылдардың ішінде  жылан мен жылқы жылы көбірек аталады. Жылқы таза әрі пәк жануар. Адамның бойында ізгілік пен имандылық көбейеді деп есептелген. Жылқы жылы берекеге толы болған деседі. Қазақта байлықтың өлшемі жылқы болған. Сол себепті жылқы жылы байлыққа, дәулетке жетелейді деген ырым бар.  Жылқы жылы – жұтсыз деп сол үшін атаған. Ел есінде жылқы жылы болған ауыртпалық, қайғылы оқиғалар болмаған.   

         Жылқы мен қазақ егіз ұғым

        Жалпы жылқы  қазаққа жақын жануардың бірі. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.  Ата-бабамыз үлкен істі бастап, алысқа жасалатын сапарда әр жылға мән берген. Сауда жасап, керуендететін кезде, алысқа көшетін сәттер болса да "келер жылы жылқы жылы, қолайлы жыл" деп ырымдаған екен.

      Қазақ өзін жылқы мінезді халық деп санайды, себебі жылқы бауырмал, иесіне де, үйіріне де адал. Сосын жылқы кекшіл мал емес. "Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше" деген сөз жайдан-жай айтылмаса керек.  Яғни адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасыретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балаған.

       Жылқы малы текті, тек таза суды ғана ішеді, шүйгін шөпті де аузына іліккенін асамай, талғап-таңдап жейді. Үйірімен бірлікте өмір сүріп, бөтен топты қатарына қоспайды.  Мұндай тектілік жылқының дүбірін естісе, елең ететін қазақтың да бойында кездеседі. Сондықтан, қазақ «У ішсең, руыңмен» дегенді айтқан.

      Ержеткен баласын ат жалын тартып мінді дейтін қазақ, құнды сыйлыққа да ат мінгізген. Ат үстіндегі қонағын қолтығынан демеп түсірсе, айтар тілегінде де аламаннан атың озсын деп тілеген. Тәуелсіз мемлекеттің Елтаңбасында да басты әрі маңызды деталь пырақ бейнеленген. Сондықтан Жылқы жылы тек күнтізбелік атау ғана емес, қазақтың дүниетанымы мен рухани құндылықтарын бейнелейтін жыл.

image.png

      Жыл иелері  қандай жандар?      

      Әдетте, адамның мінез-құлқы мен кейбір қылықтары қай жылы туғанына, яғни, мінез-құлқы сол жылдың атауын алған жануардың қасиетіне ұқсас келеді. Бұл жылы туғандар алғыр, өте талантты болып келеді.   Олар  — өз жылының патшасы.  Жылқылар үшін бұл жыл сәттіліктерге, жақсы жаңалықтарға, соңы сәтті аяқталатын мүмкіндіктерге толы болады. Олар осы жақсылықтардың бәріне өз еңбегімен жетеді. Нағыз жұмысқа жегілетін ат сияқты еңбекқор адамдар — жылқы жылы туғандар. Олар өз жылының иесі болғандықтан ғана сәттіліктерге табан астынан оп-оңай қол жеткізеді деген емес, ешқашан ерінбейтін, жалықпайтын, бір тыным таппайтын еңбексүйгіштігінің арқасында келетін несібеге лайық жандар.

        Астрологтардың пікірінше, басқа жыл иелерімен салыстыра қарағанда, жылқы жылы туғандар өте белсенді, тіпті қатты шаршап тұрғанның өзінде қолға алған ісін соңына дейін жеткізбей, демалуды білмейтін адамдар дейді.  Негізінен жылқы малы төрт түліктің ішіндегі ең кірпияз, ең таза, ең сұлу жануар саналады. Осы жылы дүниеге келген адамдар таза, әсемдікке жаны құмар болады екен. 

     Бұл жылы жылқыны бауыздауға болмайды

     Қазақта мүшел жас туралы айтылатын түрлі сенімдер бар. Бірі мүшел жасты қауіпке толы жас десе, енді бірі мүшел жас үлкен өзгерістерге жол ашатын жыл дейді. 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002 жылқы жылында  дүние есігін ашқандар мүшел жасқа толады.  Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналған.  Қариялар  мүшел жасқа толған адам сүйікті киімін біреуге берсе, келер жылға аманшылықпен өтеді дейді.  Жылқы жылы туылғандарға бұл жылы жылқыны бауыздауға болмайды. 

image.png

         Жылқы жылы кімдер туылған?

         Қазақтың қаракерей Қабанбай (Ерасыл) батыры жылқы жылы туған (1690). Жамбыл ақын жылқы жылы туып, тауық жылы қайтыс болған (1846-1945).  Қазақ əдебиетінің көрнекті өкілдері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров жылқы жылы туып (1894), үшеуі де барыс жылы (1938) қайтыс болды.  1918 жылы туылған Қасым Қайсенов, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбеков, 1930 жылы туылған вальс королі  Шәмші Қалдаяқов, жазушы Әнуар Әлімжанов, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов та жылқы жылында дүниеге келіпті.  1942 жылы туылған жазушы, драматург Дулат  Исабеков,  қаламгер Дүкенбай Досжанов, саналы ғұмырын қазақ сахарасының сызылған әні мен күмбірлеген күйін зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбек,  халық жазушысы Мұхтар Шаханов және қоғам қайраткері Төлен Әбдік те төрт түлік төресінің жылы жарық дүниеге келген.  Қазақстандағы таеквондоның негізін қалаған Мұстафа Өзтүріктің де жылы жылқы. 

       Қазақ эстрадасында да жылқы жылы туылып, мәдениетімізге үлес қосқан, қосып жүрген жандар жетерлік. Айталық Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева 1954 жылы Жылқы жылында дүниеге келген. Эстрадада өзіндік орны бар, ерекше болмысты әнші өте еңбекқор.  Сыңғырлаған үні қазақ тыңдармандарының құлағында мәңгіге сақталып қалған әнші Мәдина Ералиева да жылқы жылы туылыпты. Көпшіліктің сүйікті әншісі Бағдат Сәмединовның да жылы жылқы.  Қазақ кинематографиясында өзіндік қолтаңбасы бар режиссер, «Парасат» орденінің иегері  Талғат Теменов те бұл тізімнің қатарында. Дәстүрлі әннің де, эстраданың да майын тамызып шырқайтын Қарақат Әбілдинаның өте  еңбекқор болуы Жылқы жылында дүниеге келгенінен шығар бәлкім.  Қазақ киносында өзінің ерекше түр-пішінінің, талантының  арқасында есте қалған актер  Фархат Әбдрайымов  та Жылқы жылы туылған.  Өнерлі жұп Бүркіт пен Аиша жылқы жылында туылғандар. Екі жұптың арасындағы 12 жас оларға бақытты отбасын құруға кедергі болмады. 

      Жылқы қозғалыс, белсенділік жануары. Сол себепті, бұл жылда белсенді жобаларды іске асырып, мол табысқа кенелулеріңізді тілейміз!    Өткен жылға ризашылық білдіріп, келер жылға жақсы ниетпен қадам жасайық. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 2026 – Жылқы жылы: еңбек пен еркіндіктің символы
  • Әлем назарын аударған рэпер P.Diddy шуы: Голливудтағы былық туралы не белгілі?
  • «Қазақстанға барсаңдар діннен шығып кетесіңдер»: Пәкістандағы қазақтардың жағдайы
  • «Ескі қалашық» сүйікті орына айналды
  • Бейісбековтер отбасы 1 миллион теңге алды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер