ОҚО-дан 32 өнерпаз «Burabay Summer Fest» фестиваліне аттанды

image_750x_5b222f64e3e60.jpg

Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы аясында «Burabay Summer Fest» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер телевизиялық фестиваліне ОҚО әкімдігі және Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының қолдауымен өңірімізден 10-16 жас аралығындағы 200-ден аса үміткер қатысып, 9 жанр бойынша (дәстүрлі ән, академиялық ән, эстрадалық ән, көркемдік оқу, ұлттық музыкалық аспаптарда орындау, классикалық музыкалық аспаптарда орындау, эстраданың сүйемелденуімен музыкалық аспаптарда орындау, хореографиялық және бейнелеу өнері) өнер көрсетіп, үздік деп танылған 32 үміткер 8 жанр бойынша ақтық кезеңге жолдама алғанын хабарлаған болатынбыз. Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Фестивальдің мақсаты- дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және оларды жан-жақты қолдау, олардың шығармашылық қабілеттілігін дамыту және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және нығайту, тәжірибе алмасуына жағдай жасау, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылығын арттыру, жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, қарым-қатынасты дамыту болып табылады. Аталған өнерпаздар ішінде Сарыағаш, Созақ, Ордабасы, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандары және Шымкент қаласының жас дарын иелері бар. Дәстүрлі және классикалық,эстрадалық ән, бейнелеу өнері, би, жетіген аспабында орындау сынды бірқатар өнерлерімен облыс намысын қорғауға аттанған өнерпаздардың қауіпсіздігі үшін арнайы жетекшілер бөлінген. Еліміздің барлық облыс, қалаларынан іріктелген үміткерлер Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2018 жылғы 15 маусым мен 4 шілде күндері Ақмола облысы Бурабай демалыс аймағында бақ сынап, Астана қаласындағы гала-концертке қатысатын болады. М.Сабыр

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: ОҚО-дан 32 өнерпаз «Burabay Summer Fest» фестиваліне аттанды