Жаңа теміржол вокзалы салынады

image_750x_5b0e6d4b28989.jpg

Іскерлік пен туризмнің ортасы саналатын Шымкентке енді ат басын бұратын қонақтар көбеймек. Келім-кетімі көп қалаға бір теміржол вокзалының аздық ететіні түсінікті. Шымкент қаласын дамытудың Бас жоспарында мамандар қосымша вокзал салуды жоспарлаған екен. Салаға жауаптылар жақында мегаполисті айшықтайтын екінші теміржол вокзалының жобасын тағы бір пысықтады. Жобаға  сәйкес жаңа айналма теміржол вокзалы тәулігіне 20 мың жолаушы өткізеді.  Жоба тұжырымдамасы халықаралық бастамашыл топпен, жоба жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алихан Бижанов пен техника ғылымдарының докторы, профессор, «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Алтайбек Оразбеков, ҚР сәулетшілер одағы ОҚО филиалының төрағасы Асқар Мамырбаев және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы »АҚ өкілдерімен бірлесе әзірленді.

      «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің  директоры  А.Оразбеков  жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа заманауи үлгіде бой көтеретін теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын таныстырды. «Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында индустрияландыру  жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс» деп атап өткен болатын. Жаңа жоба Елбасының цифрландыру бастамасына сай жасалған. Темір жол желісін салу кезінде көлік салудың және пайдаланудың озық «цифрлық» технологиялары енгізіледі, көлік процесінде инновациялық технологиялар, соның ішінде жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды енгізу көзделген»,- дейді А.Оразбеков. «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында салынуы тиіс вокзалдың жобасы аясында «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалы мен жүкті сұрыптау станциясы және үлкен автовокзал салынады деп жоспарлануда. Сонымен бірге жалпы алаңы 16 гектарды құрайтын жобада қонақ үй мен әкімшілік ғимарат, 1000 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған.

   Жоба Шымкент қаласының 2020 жылы болатын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай, іске асырылып, пайдалануға берілуі мүмкін. Өз кезегінде қала әкімі Н.Сауранбаев бұл жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және туристерді аймаққа тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Жаңа теміржол вокзалы салынады