Жағалаудағы оң өзгерістер елді қуантуда

image_750x_5b0fb7dc3b4d5.jpg

Шымкентте «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында «Қошқарата» өзенінің бойы абаттандырылуда. Жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер халық қыдырыстайтын демалыс орнына айналады. Бүгінде ұзындығы 1,2 шақырым су арнасы тазаланып,  оң жақ жағалауына толықтай аяқ жол салынып, көгалдандырылуда. 

Бұдан бірнеше жыл бұрын өзеннің бастауынан Ордабасы алаңына дейінгі аумақта шамамен 1,5 шақырым жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған болатын. Ал жалпы Қошқарата өзенінің ұзындығы - 78 шақырым. Жазы аптап ыстық шымкенттіктер үшін бұл аймақ таптырмас демалыс орны болатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде емдік қасиеті бар су арнасының тазаланған бөлігінде балалар шомылып жүр.

      Ілгеріде Қошқар ата өзенінің айналасы қоқысқа толы, маңайында орналасқан жергілікті тұрғындар қоқыс қалдықтары мен шайынды суларын өзенге төгетін лас орын болған. Бүгінгідей демалыс орнына айналдыру үшін қыруар шаруа атқарылды. Өзен жағалауын тұрғындардың күнделікті серуендейтін демалыс аймағына айналдыруды көздеген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Қошқарата өзені жағалауында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, нақты тапсырмалар жүктеді. «Өзеннің жағалауы бұрын мүлдем басқаша болатын. Жағалаумен жүретін бір аяқ жол жоқ еді. Су лас әрі қоқысқа толы болды. Енді міне қысқа уақытта қала басшылығы сыбана кірісіп жағалаудағы үйлерді сүріп, жол салып, өзенді тазартып, жан-жағына гобион төсеп,  ағаштарын ретке келтіріп, абаттандырып үлгерді. Дәл осы қарқынмен жұмыс істесе мамандар өзен жағалауын бірнеше айда толығымен аяқтайтын болады. Шымкентті жасыл қала деп атағанымызбен саябақ, гүлзар соншалықты көп емес. Сондықтан қаланы атына сай көріктендіру қажет»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.  Өз кезегінде шаһар басшысы «Қошқарата» тұрғын үй кешенінің жұмыстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, заманауи үлгіде салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезең бойынша жүргізілмек. Бірінші кезеңде жалпы аумағы 8536 шаршы метрді құрайтын 169 жеке тұрғын үйлерді бұзу жоспарлануда. Орнына пәтер саны 1818, жалпы аумағы 94422 шаршы метр 27 көпқабатты тұрғын үй салынады. Екінші кезеңде жалпы аумағы 6132 шаршы метр болатын 116 жеке тұрғын үй бұзылып, нәтижесінде жалпы аумағы 86533 шаршы метр, пәтер саны – 1654,  көпқабатты 26 тұрғын үй бой көтерерін болады. Үшінші кезеңде 8583 шаршы метр аумақта орналасқан 135 жеке тұрғын үй сүріліп, 504 пәтерден тұратын 8 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жоба толығымен жүзеге асқанда 3 976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылатын болады.


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Жағалаудағы оң өзгерістер елді қуантуда