«Араб көктемі» және гендерлік саясат

image_750x_5afeb808bc0e0.jpg

Гендерлік саясатты насихаттаушылардың ең басты нысаналарының бірі, әлбетте, араб елдері. Көп жылдан бері осы аймақтағы әйелдердің құқықтарына байланысты мәселелер қозғап, байбалам салып жатқан халықаралық ұйымдар жетерлік. Олар ислам мемлекеттеріндегі оппозициялық бағытта немесе қоғам белсендісі ретінде танылған әйелдерге барынша қолдау көрсетіп, түрлі марапаттарға ұсынып жатады. Бәлкім, осы саясат өз жемісін бере бастады ма, әлде «араб көктемінің» әсерінен бе,  әйтеуір соңғы жылдарда Таяу Шығыстағы әйелдердің рөлі өсе бастады.

Жалпы, әйелдерге қатысты шектеулердің кейбірі тіптен қызық. Айталық, күні кешеге дейін Оман елінде әйелдердің такси жүргізушісі болып жұмыс істеуіне заң жүзінде тыйым салынған еді. 1 наурыздан бастап бұл тыйым алынып тасталды. Сонда да, әйел-жүргізуші мінген такси көлігі қызғылт немесе көгілдір түсті болып ерекшеленіп тұрады.

Әйелдер құқықтарын сақтауға байланысты арнайы рейтинг әзірленген. Онда Комор аралдары көш бастап тұр. Бұл елдің парламентінде әйелдердің үлесі 3  пайыз, министрлік қызметтерде 20 пайызды құрайды екен.  Екінші орында – Оман. Бұл елдің жетістігі — жергілікті парламенттегі депутаттардың 1,2 пайызы әйел.  Сондай-ақ, елдегі әйелдердің үштен бір бөлігі жұмыс істейді. Ислам мемлекеті үшін бұл тым жоғары көрсеткіш. Үздік үштікті Кувейт қорытындылап тұр. Ал мақтаулы Біріккен Араб Әмірліктері бұл тізімде тек 10-шы орынға жайғасқан.

Соңғы кездері, әсіресе Сауд Арабиясындағы гендерлік өзгерістер көзге түсуде. Бұл елдегі әйелдер тақ мұрагері   Мохаммед ибн Салманға дән риза. Әйелдер құқығына байланысты ең жиі сыналатын елдердің бірі – дәл осы Сауд Арабиясы еді. Талай жылдан бері көтеріліп келген бірқатар мәселені жас король небәрі бірнеше айдың ішінде шешіп берді. Атап айтсақ, әйелдер автокөлік жүргізу құқығына ие болды. Темір тұлпарды жүргізу құқығынан бұл елдің азаматшалары сонау 1950-ші жылдардан айырылған еді. Бұл мәселе әйелдер қауымына маза бермей, тіпті 1990 жылы 47 әйел Эр-Риядтың көшесін көлікпен кезіп, осылайша билікке деген ашық наразылығын білдірді. Айта кетерлігі, олардың барлығында да өзге елде берілген көлік жүргізу куәлігі болған. Саудияның құқық қорғау органдары акцияға қатысқан әйелдерді қамап, тек олардың күйеулері немесе әкелері қолхат жазып берген соң ғана босатты. Наразылық білдіру бұдан кейінгі уақыттарда да жалғасын тапты.   Айта кетерлігі, 2013 жылға дейін саудиялық әйелдердің тіпті велосипедке  мінуіне де рұқсат етілмейтін. 2014 жылы Лоуджан Хатлуль өзінің көлік жүргізіп келе жатқан сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге шығарды. Осы «бұзақылығы» үшін  73 күнге қамалды.

Әйелдерге көмекке Сауд Арабиясының жаңа басшысы Салман келді. Оның өкімімен, 2018 жылдың маусым айынан бастап осы елдегі кез-келген әйел автокөлік жүргізу құқығына ие болады.

Сауд Арабиясындағы әйелдердің қуанышы мұнымен шектелмейді. Биылдан бастап әйелдердің әскери қызметке баруына мүмкіндік берілді. Оған 25-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер құжат тапсыра алады.   Сондай-ақ, бұған дейін Сауд корольдігіне әйел махрамсыз, яғни туысқан ер азаматсыз кіре алмайтын.  Енді Сауд Арабиясының билігі ер адамсыз, жалғыз өзі сапарлайтын 25 жастан асқан әйел туристерге виза бере бастады. Жаңа ереже 2018 жылдың алғашқы тоқсанында күшіне енеді. Бір мәртелік виза 30 күнге дейінгі мерзімге беріледі. Өткен жылдың аяғында елде 35 жыл үзілістен соң кинотеатрлар ашылатыны белгілі болды. Билік осы реформа арқылы мұнайға тәуелді экономикасын диверсификациялағысы келеді. Тағы бір жаңалық — саудиялық әйелдер бұдан былай футбол ойындарын тамашалау үшін стадионға да ешқандай шектеусіз бара беретін болды. Әйткенмен, оның бір шарты бар — әйелдің жанында  махрамы  болуға тиіс. Тағы бір  шектеудің алынуы — осы елдің әйелдеріне мейрамханаларда жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бір сөзбен айтқанда, Саудиядағы өзгерістер әйел құқықтары саласындағы нағыз төңкерісшіл сипатқа ие болып тұр.


«Рейтинг» газеті, 1 наурыз, 2018 ж

 


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: «Араб көктемі» және гендерлік саясат