Тоқтарәлі Таңжарық: Әдебиетке меценат тарту жағын Одақ басшылары ойлауы керек

image_750x_5afeb2bf3a8b4.jpg

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық әдебиет дейтұғын мұхитыңызға поэзиядан өз тамшысын төкті. Өз болмысы жұрт қатарлы болғанымен, поэзиясы ешкімдікіне ұқсамайтын өр еді. Жазған-сызғанын оқысаңыз, тылсым күйге бөленесіз. Бір өлеңін оқыған соң-ақ, оның әлеміне, беті көкпеңбек болып жатқан мұхит түбіне сүңгіп кетесіз. Қараңғы түнектейін түбіне. Жалғанда біз байқай бермейтін болмашы (біз үшін болмашы — автор) нәрсенің тереңде жатқан күс-күс тамырын көгал бетіне шығарып береді. 

Сол Тоқтарәліңіз өткен жылы атағы жер жарған «Рух» байқауына қатысты. Бас жүлдеге бірден-бір үміткерлер тізімінде болды. Бірақ, байқау қорытындысы шыққасын, оны жеңімпаздар қатарынан көре алмадық. Көзі қарақты оқырмандардар бөлек, әдебиет ауылында жүргендер де «жеңіске лайық еді» деп өкініштерін білдіріп жатты. Ал, бұл жөнінде өзі не ойлайды? Жалпы, бұл байқаудан бөлек, әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтар жөніндегі ойы қалай? Шығармашылығында не өзгеріс бар? Біз осы мақсатта ақынмен хабарласқан едік: 

–Мына күйбең тірлікте немен айналысып жүрсіз?

–Күйбең тірліктің ағысы бойынша ғұмыр кешіп жатырмыз. Таң мен кештің арасындағы қоңыр тірлік, өгіз аяң өмір ғой…

– Соңғы жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Жазушылар Одағындағы басшылықтың өзгерісі әдебиетімізге қандай өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?

– Қарапайым жаңалықтардың қатарында қабылдадым. Бір басшылық келіп, екіншісінің кетері заңдылық. Әсіресе, еркін қоғамда шығармашылық одақтар басшылығы жиі ауысып тұруы керек. Одақтағы өзгеріс әдебиетімізге айтарлықтай жаңалық әкеледі деп ойламаймын. Әдебиет – жеке индивидтің жұмысы. Оған одақ емес, одаққа ол керек…

Әрине, одақтың қолында көптеген тетік бар. Қаламгерлерге одақтың мүшесі деп қана емес, осы ұйымды алға бастаушы идея авторы деп қарауға тиіс. Жаңа басшылық құрамы солай ойлайтынына сенемін. Егер соны дұрыс пайдаланса, одақ менеджерлік орталыққа айналады. Неге? Әр қаламгерде жазу, яғни өзін және әдебиетті дәріптеу мүмкіндігі бар. Басқа бірде-бір шығармашылық бірлестіктерде дәл Жазушылар одағындағыдай мүмкіндік жоқ. Одақ мүшелерінің көп бөлігі баспасөзге зәру емес. Олар мына интернет заманында өзін еркін көрсете алады. Бұл – заман тудырған мүмкіндік. Демек, енді осы артықшылықты оңды пайдаланып, әдебиетке мецанат тарту жағын одақ басшылары ойлауы керек. Әдебиетшілер жоқшылық пен кіріптарлықты сөз етуді емес, жаңа туындыларын сатуды, елге жеткізуді, шетел тіліне аударуды әңгіме қылар күнге аяқ басса дейсің.

Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз қоғамдық ортада беделі өте жоғары тұлға. Ең бастысы, кез келген ортамен байланысы мықты. Өзінің сөзін өткізе алады. Ұлағаңды жатсынатын жастарды кезіктірмедім. Кішпейілдігі мен кісілігі үйлесім тапқандықтан да, ел сыйлайды. Бұл шығармашыл ұйымның басшылығына керек ең басты қасиет деп ойлаймын.

Ал одақтағы бірінші орынбасар Ақберен Елгезек биліктің әртүрлі баспалдағынан өткен. Оған керек болса басқа қызметте отыруына әбден болар еді. Оны одаққа сүйреген күш – әдебиетті шын сүюі болса өзі де, қалам ұстаған қауым да ұтары мол. Алда одан көп жаңалық күтеміз. Ақын Бақыт Беделханды көпшілік етене таниды. Үлкеннің де, кішінің де ебін білетін дегдар мінезі бар. Жалпы, одаққа  келген құрам осал емес.

Бір қуанарлығы, одаққа жастар жағы, біздің буын келе бастады.  Алматы облысы филиалын Ерлан Жүніс, Астана қалалық филиалын Бауыржан Қарағыз, жамбыл облыстық филиалын Хамит Есеман  басқаратын болды. Бұдан өзге де жаңалықтар бар деп естідім. Демек, одақтың болашақ бет-бейнесі біздің буынға байланысты болып тұр. Бұл – жауапкершілік. Жігіттер ойдағыдай атқара алады. Сенімім кәміл.

– «Мінәжат» атты өлеңіңізде «Өмір – бар болғаны бір шумақ ақ өлең, өзің қоясың нүктесі мен үтірін» депсіз. «Алдыңда тұрған не? Тілсіз қара емен…» депсіз тағы да. Өз өміріңіздің үтірін қалай қойып келесіз? «Тілсіз қара емен» не Сіздің ұғымыңызда?

– Нүктесін қалай қоярымыз бір Аллаға аян. Көп үтірдің қай тұсында нүктеге жол берерімізді де білмейміз. Кей мезеттерде нүктелі үтір қойылса да, алдағы күнге үмітпен қараймыз…

Өмір – шынымен де ақ өлең. Ұйқассыз. Ырғағы бар, әрине. Ырғағынан жаңылуға болмайды. Ақ өлеңнің басты  ерекшелігі үтірін, тыныс белгілерін өте орнымен қоюың керек. Өйтпесе, мағынасы мүлдем өзгеріп кетеді… Үтірді қоймайтын жерге қойып жүріп өмірден өтіп кетеміз бе деп қорқам…

«Тілсіз қара емен» — нүктеден кейінгі дүние ғой. Тылсым дүние…

– Ақберен Елгезек бір сөзінде: «Поэзияның миссиясы – Тәңірді тану» деген екен. Көптеген ақындар білсін, білмесін, түйсінсін, түйсінбесін, Тәңірді тану жолында тым алысқа қалам сілтеп кетіп жатады. Сіздің идеалыңыздағы ақын бейнесі қандай?

– Егер Тәңірдің миссиясын ақын арқаласа, арнайы қасиет дарыған ақындар орындайтын шығар. Ондай ерекше қасиет біз пақырда қайдан болсын. Болмағаны да дұрыс болған. Ақын да қарапайым тіршілік иесі. Тек өзгелер төртбұрыш пішінді көрсе, анда-санда сол төртбұрыштың ішінде мыңдаған шеңбер барын байқап қалармыз. Ал суретшілер кемпірқосақтан жеті емес, жетпіс бояу көруі мүмкін. Ақындар сезе алмайтын әуезді музыканттар түйсігінде құйқылжытса, олардың да өзіндік миссиясы болғаны. Қысқасы, әр адам – Тәңірдің туындысы. Әр адам – шығармашылық иесі. Бірі сезеді, бірі сезбейді.

– Сізді «Рух» әдеби байқауында жүлдеге лайық дегендер көп болды. Осы байқау туралы не айтасыз? Жүлдегерлер өз бағасын әділ алды деп ойлайсыз ба? 

– Тырнақшаның ішіндегі «Рух» қой. Бабы келгендер мен бағы жанғандар алды. Кез келген байқауда әділдік шартты ұғымға айналады. Қазылардың көзқарасы әрқилы. «Рух» өзінің миссиясын орындаған байқау болды.

– «Ұйқассыздық» атты өлеңіңізде: «Шырмауық ораған жетім гүлдердің аянышты халіне назар салма, Бәрібір біз құтқара алмаймыз» депсіз. Сізді қоғамда алаңдататын, бірақ құтқаруға, араша түсуге мүмкіндігіңіз жоқ қандай жайттар жүрегіңізді ауыртады?

– Жүректі ауыртар дүние көп. Құтқаруға дәрменің жетпейтінін білетін жайттардың барлығы да ет жүректі езбей қоймайды. Алыста қалған ауыл, енді қайтіп көруің неғайбыл топырақ түсіңе енсе қайтер едіңіз?.. Түсіңде өзің туған үйдің қираған қабырғасы ішінде адасып жүрсеңіз, көкірегіңіз удай ашып оянбассыз ба?.. Қиыр жайлаған, тау сағалап қауқылдасып өмір сүрген қауымың бүгін бар, ертең жоқ деген ақпарат санаңды торлап алса, не істей аласыз?.. Тіпті «жоғалудың алдында тұр» дейтін қазақы төбет үшін де күйінетін ел едік қой… Одан гөрі көңілдірек әңгіме айтсақ дұрыс еді. Ақындарды сылайсың ба? Поэзия оқисың ба?

– Әрине!..

– Бауыржан Қарағызұлын танитын шығарсың?

– Интернет арқылы танимын.

– Дұрыс. Интернеттің мегажұлдызының бірі сол. Соны көбірек оқы. Адамға рух сыйлайды. «Құтқара алмайтындар» туралы емес, құтқара алатынымызды айтады. Әдбиетке оптимизм керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Абылай ЕСІМБАЙ