Шымкент: Төрт банк тұрғындарға онлайн режимде қызмет көрсетуде

Screenshot_2.jpg

Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге көп шоғырланбауы өте маңызды. Осы санитарлық талаптарды орындау мақсатында қаламыздағы екінші деңгейлі бірнеше банк бүкіл қызметтерді онлайн-режимге көшірді. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша басқарма басшысы Абылғазы Қайназаров мәлімдеді. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған 42500 теңгені алуға өтініш беру үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Қазір үйде отырып шот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. 

Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.

«Kaspi bank-тің» бөлім басшысы Айнұр Төлетаеваның мәлімдеуінше, карантин кезінде адамдар банктің мобильді қосымшасымен шот ашып, оны «E-gov» электронды үкімет порталына тіркеп, ал картаның өзін карантиндік режим аяқталған соң жеке куәлікпен банк бөлімшелеріне орнатылған картоматтар арқылы бір минут ішінде шығарып ала алады. Сондай-ақ шоттағы ақшаны карта болмаған жағдайда QR-код бойынша шешіп алады. 

Брифингте «Home credit Bank» Шымкент қаласы бойынша филиалының сату және бөлшек несие беру бағыты бөлімінің басшысы Еркебұлан Сауранбаев картаны банктің мобильді қосымшасы, сайты және 7979 ақпараттық орталығына қоңырау шалып, рәсімдеуге болатынын айтты. Карта дайын болған соң банк қызметкерлері оны клиенттердің үйіне өздері апарып беретінін баяндады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы А.Қайназаров өз сөзінде бүгінгі таңда қаладағы банкоматтар үздіксіз дезинфекцияланып жатқанын, ол жайындағы мәліметтер күнделікті агенттік тарапынан бақыланып отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.

Шымкент қаласы төтенше жағдай жөніндегі штабы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкент: 1 маусымнан бастап 2 095 орта және шағын бизнес нысандары қайта іске қосылады
  • Ауру жұқтырған Берік Уәли жұртты сөзіне сенуге шақырды
  • Шымкент: Дала өртінің алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде
  • Шымкент: 500-ге жуық ерікті қоғамдық көліктерде тегін жүреді
  • Шымкент: 500-ге жуық ерікті қоғамдық көліктерде тегін жүреді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер