Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80% дейін артады

Елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар күшейіп келеді. Су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі бірнеше есе өсіп, 2025 жылы 543 мың гектардан асқан. Билік 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев айтып берді. 

Оның айтуынша, су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу экономиканың барлық салалары үшін ерекше маңызды болып отыр. Су пайдалану тиімділігін арттыру басымдық қана емес, тұрақты дамудың қажетті шартына айналуда.

— Саланың негізгі құжаты — су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған шараларды көздейтін жаңа Су кодексі. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында да саланың ұзақ мерзімді дамуы көрініс тапқан. Оған қоса, су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары, 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жөніндегі жол картасы әзірленген, — деді Т. Момышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әсіресе суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Президент су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы алқаптарды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берген.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы судың ең ірі тұтынушысы болып қала береді. Жалпы су тұтынудың шамамен 65% осы салаға тиесілі. Су үнемдеу технологияларын кешенді енгізу мақсатында Су министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы су қызметтерінің құнын субсидиялау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу функциялары берілген.

— 2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандырудың негізі қаланды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, — деп толықтырды спикер.

Сонымен бірге, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды. Ал қолданылмаса — жыл сайын 10%-ға төмендейді.

— Қабылданған шаралар нақты нәтиже беріп отыр. Бұрын жыл сайын қамту көлемі 30-35 мың гектар болса, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына шамамен 150 мың гектарға жетті. 2025 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптар 543,5 мың гектарды құрап, нәтижесінде 874 млн м³ суару суын үнемдеуге мүмкіндік берді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі.

2030 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл 2,2 млрд м³ суару суын немесе шамамен 30% дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80% дейін артады
  • Қазақстанда мұнайдың алты жаңа кен орны анықталды
  • ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТУ – БАСТЫ НАЗАРДАҒЫ МӘСЕЛЕ
  • Бір оқушының тамақтануының орташа құны қанша
  • Рамазан Бектұрғанов —Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасының басшысы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер